Қырғызстаннан ҚР Президенті сайлауын 31 байқаушы бақылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстаннан ҚР Президенті сайлауын 31 байқаушы бақылайды. Бұл туралы бүгін ҚР ОСК-де өткен брифингте Қырғызстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тұйғыналлы Әбдірайымов айтты.

«Астанадағы сайлауды байқау үшін Қырғыз Республикасынан 6 адам келді. Бұған қоса, біз Шымкентке - 5, Таразға - 16, Талдықорғанға 4 байқаушымызды жібердік. Яғни, біздің байқаушылар Қазақстан Республикасының оңтүстік қалаларындағы сайлау барысын қадағалайтын болады», - деді Т.Әбдірайымов.

Сонымен қатар Қырғызстан ОСК төрағасы Қазақстанда сайлауды ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде өткізілгенін баса айтты.

«Таңертеңнен бері Астана қаласындағы бірқатар сайлау учаскелерінде болдық. Дайындық жақсы, үй-жайлар талапқа сай», - деді ол.