Қырғызстанның Ақпарат вице-министрі «ҚазАқпарат» ХАА жұмысымен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан Республикасының Ақпарат, мәдениет және туризм вице-министрі Айнұр Темірбекова «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қазақстандықтарды өз елімізде көруге әрдайым қуаныштымыз. Қырғызстан меймандар үшін қашан да ашық. Халықтарымыз достығының тарихы тереңде жатқандықтан, өзара қарым-қатынасымызды жоғары қоямыз», - деді Айнұр Темірбекова «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаровпен кездесу кезінде.

Айнұр Темірбекова «ҚазАқпарат» ХАА ұжымына қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, ақпарат агенттігінің қыркүйекте өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынынан ақпарат таратудағы айтулы үлесін ерекше атап өтті.

«Жалпы, Көшпенділер ойыны туралы Қазақстандағы 10 БАҚ хабар таратты. Мұның бәрі де біздің қарым-қатынасымыздың жарқын келешегіне үміттенуге мүмкіндік береді. Қырғызстандықтар сіздердің елдеріңізден меймандарды өз үйінде көруге қашанда қуанышты», - деді вице-министр.

Еске сала кетсек, биылғы қыркүйек айында Қырғызстанда III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оған әлемнің 80 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысқан еді. Олар спорттың 37 түрінен өзара сынға түсті. Сайыстың қорытындысы бойынша Қазақстан командасы 72 медальмен екінші орыннан көрінді. Ұлттық құрамамыз спорттың 32 түрінен бақ сынап, 18 алтын, 24 күміс, 30 қола медаль иеленді. Келесі Көшпенділер ойындарының кезегі Түркия мемлекетіне табысталды. Жарыс 2020 жылы өтеді.