Арнайы қызметтің жетекшісі Қырғызстанда «Ислам Жихад одағы» халықаралық лаңкестік ұйымының мүшелері қолға түскенін хабарлады. «Қазіргі таңда 9 күдікті адам құрықталды. Олар қараша айындағы Спорт сарайы алдындағы лаңкестік әрекетті дайындау мен 25 желтоқсан күні Бішкек қаласы ішкі істер департаментінің алдында жарылуы керек автокөлікті миналауға тікелей қатысқан. Бес адамға халықаралық іздеу жарияланды», - деді Кенешбек Дүйшебаев.
«Қолға түскен лаңкестер 25 желтоқсан күні сағат 9-да ішкі істер департаментінің алдында автокөлікті жарамыз деп жоспарлаған. Сол кезде департамент жанында құқық қорғау органдарының басым бөлігі жиналатын болған. Автокөлігін ұрлатқан азамат оған шабуыл жасағандарды таныған. Олар - біз қолға түсірген адамдар. Қазіргі таңда біз олардың аты-жөндерін жария ете алмаймыз, тек олардың барлығы Қырғызстан азаматтары екенін, ұлттары қырғыз екенін айта аламын. Олар Қазақстан мен Ресейдегі лаңкестік топтармен байланысы бар. Қарусыздандырылған топ халықаралық желінің тек аз ғана бөлігі», - деп қорытындылады Кенешбек Дүйшебаев.