Қырғызстанның арнайы қызметі Сирияда қаза тапқан 5 қырғыз жалдамалысы туралы хабарлады

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғыз Республикасының МҰҚК органдары Сирияда әскери қақтығыста өз елінің бес азаматы ажал құшқанын хабарлады.

Олардың бәрі түрлі жолдармен Сирияға соғысқа аттанған оңтүстік өңірдің тумалары болып табылады. Қырғыз Республикасы арнайы қызметінің хабарлауынша, бұл елде заңсыз әскери құрамаларда 50-ге жуық қырғызстандық бар.

2013 жылы мамырда туысқандары және басқа да мүмкіндіктер арқылы арнайы қызмет Б. Асад үкіметінің әскеріне қарсы соғысқа қатысу үшін аттанған екі қырғызстандықты елге қайтарып алған.

2014 жылғы қаңтарда қырғыз елінің арнайы қызметі Бішкек пен Шу облысынан халықаралық террорлық ұйымның екі содырын ұстаған. Олар Сирия аумағында жауынгерлік дайындықтан өтіп, Қырғызстанға келген.

Қылмыскерлер жасанды құжатты пайдаланып, Сириядағы қақтығыс аймағына жалдамалы адамдар жинап алып кетуді жоспарлаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында Калашников автоматы, тапаншалар, қарулар мен оқ-дәрілер табылған.