Қырғызстанның бірде-бір кедендік өткізу бекеті Кеден одағының талаптарына сай келмейді - Қырғызстанның Кеден қызметінің төрағасы

КЕК. 2 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның бүкіл оңтүстік шекарасы енді Кеден Одағының шекарасына айналды. Бұл туралы кеше Бішкек қаласында Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасқа арналған баспасөз мәслихатында айтылды.

"Қырғызстан мен Кеден одағының арасындағы мәселе әдістемелік тұрғыдан гөрі технологиялық сипатқа ие. Бұл - ең алдымен инфрақұрылым. Қазіргі таңда Қырғызстанның бірде-бір кедендік өткізу бекеті Кеден одағының жолаушылар мен жүк тасқыны талаптарына сай келмейді", - дейді Қырғыз Республикасы Кеден қызметінің төрағасы Кубанычбек Құлшатов. Оның айтуынша, Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы бірден-бір кедендік өткізу бекеті саналатын Қордай бекетінің тәуліктік өткізу мүмкіндігі 5 мың адам. Ал қазір онда жүктеме 38 мың адамды құрап отыр. Бұл жүк Қырғызстан мен Қазақстанның шекарашылары мен кеденшілерінің иығында тұр.

"Қазір Кеден одағының талабы бойынша бізде 10 өткізу бекетінің бесеуі ғана жұмыс істеп тұр. 29 маусым күні Қырғыз Республикасы тарапынан тәулік бойы жұмыс істейтін "Кен-Булун" өткізу бекеті ашылды. Онда Ыстықкөлге автобустарды жіберуге барлық жағдай бар. Жақын арада қосымша Қарасу-Ақтелек өткізу бекетін ашуды қараймыз. Келіссөздер жүріп жатыр", - дейді Кубанычбек Құлшатов. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстан аумағындағы Қарасуда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Онда жаңа өткізу бекеті салынуда. Сол себепті қырғыз кеденшілері қазақстандық әріптестерін өз аумағында жұмыс істеуге шақыруда. Бірлескен бақылау туралы келісім бар. 7 шілде күні Қазақстан-Қырғызстан арасында "Айша бибі-Шоң Қарқа" өткізу бекеті ашылмақ. Осыған қарамастан Қырғыз Республикасының өткізу бекеттеріндегі жолаушылар мен жүк ағынындағы жүктеме бәрібір сақталып қалады.