Қырғызстанның бірінші вице-премьер-министрі Ө.Бабанов Халықаралық валюта қоры миссиясымен кездесті

БІШКЕК. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бішкекте Қырғызстан Республикасының бірінші вице-премьер-министрі Өмірбек Бабанов Надима Илахи басқарған Халықаралық валюта қоры миссиясымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өзекті экономикалық мәселелер мен оларды шешу жолдары, сонымен қатар Қырғызстанға Халықаралық валюта қоры тарапынан көмек көрсету мәселелері талқыланды. Өмірбек Бабановтың атап өткеніндей, қазіргі таңда Қырғзыстан үкіметі елдегі саяси және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, келісілген ақшалай-бюджеттік және бюджеттік-салықтық саясатты жүргізуге, инвестициялық жағдайды жақсарту мен жеке инвестициялардың өсуін ынтыландыруға бағытталған шараларды қолға алып жатыр. Ол сондай-ақ ынтымақтастықтың жоғарғы деңгейіне қанағаттанатынын жеткізіп, Халықаралық валюта қорына Қырғызстанға дер кезінде көмек бергені үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар кездесуде ұлттық банк, Қырғызстанның экономикалық реттеу және қаржы министрліктері өкілдерімен инфляциямен күресуге бағытталған кешенді мәселелер талқыға түсті.