Қырғызстанның бұрынғы президентінің күйеу баласының қылмыстық ісі жанып кеткен

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың күйеу баласы Әділ Тойғанбаев Ресейде 2 рет ұсталғаннан кейін Қырғыз Респбуликасының прокуратурасы мен бизнесменнің қорғаушыларының жұмысы қыза түсті.

Қорғаушы Икрамидин Айтқұлов хабарлағандай, Қырғыз Республикасының бас прокуратурасындағы Әділ Тойғанбаевқа қатысты қылмыстық іс 2010 жылдың сәуірінде ғимараттан шыққан өрт салдарынан толығымен жанып кеткен.

Осыған орай, қорғаушының сөзіне қарағанда, 3 наурызда өткен сот отырысында прокуратура қылмыстық іс материалдарын қайта жинау туралы хаттарды ғана ұсына алды. Қажетті құжаттар болмағандықтан, қорғаушылар Ә. Тойғанбаевты қылмыстық қудалау мен оны халықаралық іздеуге жариялау ісін заңсыз деп есептейді.

Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевтың қызы Берметтің жұбайы 48 жастағы Әділ Тойғанбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 3 бабы бойынша айыпталуда: «Алдын ала келісім бойынша бір топ адам бірігіп жасаған алаяқтық», «Ұрлау» және «Субъектілерге басшылық ететін лауазымды тұлғалардың салық төлеу мен міндетті сақтандыру төлемдерді төлеуден жалтару».

Бұрын ол Қырғызстанда жанар-жағармайды сату және басқа да бизнеспен айналысқан. Алайда 2005 жылы болған оқиғадан кейін елден кетті.