Қырғызстанның экс-депутатының ісі: Алматы сотында контрабандадан келген шығын жарияланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында арнайы операция барысында ұсталған Қырғызстан Жогорку Кенешінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекұлының ісі бойынша басты сот талқылауы өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы трансұлттық ұйымдасқан топ 2017 жылғы 1 желтоқсаннан 2018 жылғы 15 ақпанға дейін ірі және аса ірі көлемдегі халық тұтынатын тауарларды (жалпы құны 407 558 653 теңге) контрабандалық жолмен ҚХР-дан Қырғызстан арқылы Қазақстан Республикасына бірнеше мәрте жеткізген. Салдарынан ЕАЭО бюджетіне 99 015 094,2 теңге сомасында кедендік баж салықтары мен міндетті төлемдер түспей қалған. Мұнымен ЕАЭО-ға қатысушы елдерге аса ірі сомада экономикалық залал келтірді.

Іс материалдарына қарағанда, қылмыстық топқа басшылық жасаған Дамирбек Асылбекұлы оның мүшелерінің әрбіріне нақты тапсырмалар беріп отырған.

Сондай-ақ бүгінгі сот процесінде белгілі болғандай, қылмыстық топ контрабандалық тауарды Алматы қаласы бойынша кедергісіз өткізу үшін үлкен көлемде пара беріп келген.

Қылмыстық іс 126 томнан тұрады. Іс бойынша Дамирбек Асылбекұлымен бірге тағы 11 адам сотталып жатыр, 70 адам куәгер ретінде көрсетілген.

Айта кетейік, сот процесіне Қырғызстан Парламентінің мүшелері тыңдаушы ретінде қатысты.

Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында арнайы операция жүргізіп, 30-ға жуық адам ұсталды. Олардың арасында кеден органының, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері бар. Арасындағы үшеуі Қырғызстан азаматы. Оның бірі - Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Дамирбек Асылбекұлы. 

Кейін анықталғандай, Дамирбек Асылбекұлының Қазақстан азаматтығы бар. Бұл ретте, сотталушының өзі Қырғызстан азаматы екенін атап өтуде.

Алматы соты тергеу кезінде Дамирбек Асылбекұлын қамауда ұстау мерзімін бірнеше рет ұзартқан болатын.