Қырғызстанның оңтүстігінде лаңкес жолаушылар көлігін басып алды

БІШКЕК. 10 қазан. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғыз Республикасы ІІМ хабарлауынша, 8 қазан күні шамамен кешкі сағат 17-18-де Ош облысы Қарасу ауылында қаруланған қылмыскер жүргендігі туралы жедел ақпарат келіп түседі.

Оны қолға түсіру үшін Қырғызстанның милиция және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің қызметкерлерінен құралған топ әлгінің тұрғылықты жеріне аттанады.

Алдын ала болжам бойынша, қаруланған ер адам радикалды ислам ұйымының мүшесі болған. Ол өз үйінде қарудан оқ атып, қолға түсіру барысында қарсылық танытқан. Лаңкес Ош қаласына бара жатқан жолаушылар көлігіндегі адамдарды тұтқынға алған. Дегенмен, қаладан шығар кезде оны қолға түсіру операциясы жүргізілді. Атыс кезінде лаңкес қаза тапты. Оның жеке тұлғасы анықталуда, тергеу амалдары жүріп жатыр.