Қырғызстанның оңтүстігінде саяси партиялар мен жергілікті билік органдары сайлауды әділ өткізу туралы меморандумға қол қояды

БІШКЕК. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Жалал-Абадта облыс губернаторы Бектұр Асановтың алдағы парламент сайлауына қатысатын саяси партиялардың облыстық үйлестірушілерімен кездесуі өтті.

Кездесу барысында облыс губернаторы сайлау кезінде саяси мәдениет нормаларының сақталу қажеттілігі мен сайлау алдындағы насихаттау жұмыстарында заңнама талаптарының орындалу керектігін айта келіп, бұл сайлаудың әділ өтуіне септігін тигізеді деп атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар сайлауалды науқан кезінде барлық партияларға бірдей жағдай жасалуын және саяси партиялардың біріне әкімшілік ресурстардың қолданылу мүмкіндігінің шектелуіне тоқталып өтті. Сонымен қатар, олар елдегі саяси жағдайды қиындатпай, сайлауды әділ өткізу үшін бірлесе іс-қимыл жасау жөніндегі меморандумға қол қою туралы ұсыныстарын жеткізді.

Жалал-Абад облысының губернаторы әкімшілік ресурстың қолданылмайтындығына және де сайлау үдерісіне жергілікті билік мүшелерінің араласу фактісі анықталса, ол лауазымды тұлға бірден жұмыстан шығарылатындығына сендірді. Ол сондай-ақ осындай форматтағы келесі кездесу енді қыркүйектің 25-і күні өтіп, меморандум мәтіні талқыланып, оған қол қойылатындығын хабарлады.