Қырғызстанның ОСК басшысы сайлау мен референдумға дайындық туралы айтты

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Жаңа енгізілетін сайлау үлгісі Қырғызстанда жалған дауыс берушілердің болуын тыяды. Бұл туралы бүгін «Қырғыз Республикасындағы сайлау реформасы: жетістіктер мен одан әрі даму» атты дөңгелек үстел отырысында Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нуржан Шайлдабекова айтты деп хабарлайды ҚазАқпараттың Бішкектегі тілшісі.

«Біз сайлау арқылы азаматтардың кейбір институттарға деген жоғалтқан сенімін қайтаруды жоспарлап отырмыз. Әрине, одан әрі дамытуды қажет ететін келеңсіздіктер де бар. Біз осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл тек қалыптасқан үдеріс қана емес, сонымен қатар сайлау үдерісі қатысушылардың қарым-қатынастарының кешені. Бұл ретте проблемалардың да бар екенін айта кету керек. Сайлаудың саяси мәдениетінің болуы өте маңызды. Сол себепті біз жүзеге асырғалы отырған жобалардың бірі сайлау үдерісінің қатысушыларының құқықтық мәдениетін көтеру және жалпы сайлау үдерісіне байланысты мәдениетті жетілдіруге бағытталған»,-деді ОСК басшысы.

Сонымен қатар ол жаңа сайлау үлгісін қолдану жемқорлық әрекеттерінің тыйылуына, дауыс беруді бұрмалау, сайлау үдерісін басқару әрекеттерінің алдын алуға ықпал ететіндігіне сенімді. Жаңа сайлау жүйесінің жетістіктері турал жиынға қатысушыларға ОСК төрағасының орынбасары Әбдіжаппар Бекматов айтып берді.

«Жаңа сайлау жүйесінің негізгі ұстанымы - «бір адам - бір дауыс». Жаңа автоматты құрылым, дауыстарды көбейту, бюллетеньдердің санын арттыру, сайлаудың қорытындысына әсер ету сияқты қитұрқы әркеттерге жол бермейді»,-деді ОСК төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, осы уақытта осындай жаңа ашықтық пен жариялылықтың салтанат құруына ықпал ететін автоматтандырылған дауыс беру жүйелерін енгізу бағытында кешенді шаралар атқарылуда.

Қазіргі таңда елдегі 2365 сайлау учаскесі техникалық жағынан толықтай қамтамасыз етілген.

Дөңгелек үстел отырысына 25 елден 200-ге жуық халықаралық байқаушылар қатысты. Олардың арасында ШЫҰ, ТМД сияқты халықаралық деңгейдегі іргелі ұйымдар да бар.

Айта кетейік, кеше Қырғызстанда Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша бүкілхалықтық референдум алдындағы «Тыныштық күні» басталды. Сондай-ақ жергілікті кенештерге де өкілдер сайланбақ. Сайлау 11 желтоқсанға жоспарланған.