Қырғызстанның жаңа үкіметінің бірінші кезектегі мақсаты - құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету

БІШКЕК. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Алмазбек Атамбаев бүгін Бішкекте республиканың күш-қуат құрылымдарының басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді.

Премьер-Министр өз сөзінде, ел конституциясына сәйкес, Үкіметтің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті күзету, қылмыспен күресу жөніндегі шараларды жүзеге асырып жатқанын атап көрсетті. Үкімет сондай-ақ мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты, конституциялық құрылысты қорғау жөніндегі шараларды, елдің қорғаныс қабілетін, ұлттық қауіпсіздік пен құқық тәртібін нығайту шараларын қамтамасыз етуде.

«Үкіметтің қызметі мен мүмкіндігі тереңдей және кеңейе түсіп отыр. Бұл - үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігі анағұрлым артып отыр деген сөз», - деп атап көрсетті Алмазбек Атамбаев өз сөзінде.

Осынау міндеттерді шешу біраз уақытты қажет ететіндігіне қарамастан, органдардың жұмысқа дереу кірісулері керек екенін атап көрсеткен үкімет басшысы, осыған байланысты күш-қуат құрылымдарының басшыларына аталған конституциялық міндеттерді атқару жауапкершілігі жүктеліп отырған вице-премьер Шамиль Атахановты таныстырды.

«Қысқа мерзімнің ішінде біз реформалар бағдарламаларын әзірлеуіміз керек. Біздің бірінші кезектегі міндетіміз - құқық тәртібі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деп атап көрсетті А.Атамбаев.