Қыркүйек айында еліміздегі инфляция 0,4 пайызды құрады

АЛМАТЫ. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша инфляция қыркүйекте 0,4 пайыз (2008 жылғы қыркүйекте - 0,6 пайыз) болды. Бұл туралы бүгін Алматыда  Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченконың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен айда азық-түлік тауарларының бағасы 0,3 пайызға (2008 жылғы қыркүйекте - өсуі 0,1 пайыз) төмендеген. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар  және ақылы қызмет көрсету тиісінше 0,7 және 1,0 пайызға өскен. Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда неғұрлым көп дәрежеде көкөніс -  7,1, жеміс-жидектер - 4,0, бидай ұны  1,0 пайызға арзандаған. Қанттың бағасы - 6,0, жұмыртқа - 3,4, балық пен теңіз өнімдері және май мен тоңмайлар - 0,7, алкогольсіз сусындар - 0,6 пайызға көтерілген. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында бензиннің бағасы - 5,6 , қатты отын -   1,4, медициналық дәрі-дәрмектер  0,8 пайызға өскен. Дизель отыны (0,7 пайыз) бағасының төмендеуі байқалды.

 Жалпы жыл басынан бері алып қарағанда инфляция 4,7 пайыз болған. Ол өткен жылдың осындай мерзімінде 8,1 пайызды құраған еді. 2008 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2009 жылғы 9 айдағы инфляцияның баяулауына  азық-түлік тауарлары және ақылы қызмет көрсету бағасы өсуінің тежелуі ықпал еткен. Қыркүйек айының қорытындылары бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші де баяулап, 6,0 пайыз  болған. Г.Марченконың пікірінше,  бұл 2003 жылғы қыркүйектен бергі ең төменгі деңгей (2008 жылғы желтоқсанда - 9,5 пайыз) болып табылады.