Бұл жөнінде бүгін брифингте ҚР ІІМ-нің Тіл саясаты және ақпарат басқармасының бастығы Қуанышбек Жұманов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасының нұсқауларына сәйкес, Ішкі істер министрлігі азаматтар мен олардың мүлкін қылмыстық топ әрекеттерінен қорғауға бүгінгі күні ерекше көңіл аударылуда. Қыркүйекте «Мал ұрлау» кең ауқымдағы операциясы барысында мал ұрлаудың ондаған фактілері ізі суымай ашылып, 250 күдікті, 8 қылмыстық топ ұсталды. Бұл бағыттағы жұмыс ұдайы әрі жүйелі түрде жүргізілуде», дейді ол.
Оның айтуынша, жуырда Қарағанды облысында мал табынын айдап әкетіп бара жатқан жерінен екі азамат құрықталды. Біреуі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Өзбекстан азаматы болып шықты. Олардан шолақ мылтық тәркіленді. Ұсталғандар өз қылмыстарын мойындады. Тексеру барысында облыстың аталған қылмысқа қатысы бар үш тұрғыны қолға түсті.