деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті өткізетін бұл шараның мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру.
Байқау шарттары мынадай: «Абай оқулары» байқауына Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері шақырылады. Әр облыстан және Алматы, Астана қалаларынан көркем сөз оқу мен ән айту шеберліктерін қатар игерген 18 бен 30 жас аралығындағы 1 үміткерден қатыса алады.
Байқау үш тапсырмадан тұрады:
1. Көркемсөз оқу шеберлігін айқындау:
- Абай шығармаларын (поэзия, қара сөздері) қазақ және өз ана тілінде жатқа оқу;
- «Абай жолы» романынан жатқа үзінді оқу (қазақ тілінде).
2. Әншілік қабілетін таныту - Абай әндерін орындау (1 ән).
Байқау екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең - облыстық (қалалық) іріктеу байқаулары (аймақтық байқаудың жеңімпаздары туралы ақпараттар үстіміздегі жылғы тамыздың 30-на дейін Тіл комитетіне жолдануы тиіс);
Екінші кезең - республикалық байқау, Қазақстан халықтары тілдері фестивалінің аясында қыркүйек айында өтеді. Республикалық байқаудың сарапшылары байқауға қатысушыларды алдын-ала тыңдап, сахнадан оқылатын өлеңдерін іріктейді. Үміткерлер өнерін бағалау кезінде: көркем мәтінді оқу шеберлігіне; қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуіне; ән орындау қабілетіне;
сахналық мәдениетіне назар аударылады. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Байқаудың басты міндеттері - қазақ тілінің көркемдік келісімін, бай қорын Абай шығармалары арқылы насихаттау; Абай шығармалары негізінде қоғамдық ынтымақтастықты орнықтыру; Абай шығармаларының өзге ұлт тілдеріне аударылған нұсқаларын таныту; Абай шығармалары арқылы көркемсөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру; Абай шығармаларын тіл үйренудің тиімді әдісі ретінде таныту.