Қыруар іске қуат берген қабылдау

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Азаматтармен тұрақты диалог - партиямыздың халықтық қолдауының қайнар көзі» деген болатын. Халықтың әлеуметтік жағдайын бірінші орынға қоятын «Нұр Отан» партиясы осы бағытта көптеген игі істерді жүзеге асырып келеді, деп жазады «Айқын» газеті.

Партияның сайлауалды бағдарламасы мен әртүрлі партиялық жобалары жайынан жалпы тұрғындар аз ақпараттандырылуы мүмкін. Бірақ Қоғамдық қабылдау туралы мәліметтер жеткілікті. Себебі, құзырлы орындардың өз міндеттерін ойдағыдай атқармағанынан, әділетсіздіктің құрбаны болып жұмыстан шығып қалған, еңбекақысын өндірте алмай жүргендер, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, мүгедектер, көпбалалы аналар, жетім балалар, заң бұзушылықтың зардабын тартқан адамдар әділеттік іздеп, «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлімдерінің табалдырығын аттайды. Олардың сенімін ақтау, үміт отын өшірмеу, тығырықтан шығатын жол тауып, мәселелерінің оң шешілуіне ықпал ету - біздің міндет.

«Нұр Отан» партиясы Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келушілер саны жылдан-жылға ұдайы өсіп келеді. Қалыптасқан дәстүр бойынша әрбір айдың үшінші бейсенбісінде аудан әкімі мен прокурорының және Бостандық аудандық Ішкі істер басқармасы бас­тығының бірлескен қабылдауы ұдайы өткізіліп тұрады. 2017 жылдың 10 айында мұндай 30 қабылдау өткізілді. Ол қа­былдауларға тек Бостандық ауданының тұрғындары ғана емес, басқа өңірден де келіп қатысып жатады.

Әр айдағы қабылдауға кем дегенде 2-3 адамды «Нұр Отан» партиясы Алматы қа­ла­лық филиалынан жіберіп тұрады. Тә­жірибе көрсеткеніндей, бірігіп қабыл­даудың нәтижесінде, небір түйіні қиын мәселелер оң шешімін тауып жатады.

«Баратын жері, басатын тауы қалмай», еш жерден әділеттілік таппаған соң азаматтар ең соңғы үмітпен «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдауына имене басып келіп жатады. Олардың қатары күннен-күнге көбеймесе, азай­майды. Жылап келгенді жұбатып, құлап қалғанды тұрғызып, жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдағанда ғана ел-жұрттың ілтипатына ілігуге, үзілген үмітін жалғауға, сенімін ақтауға болады. Әйтпесе, қалған істің бәрі бекер. Келген адамның қас-қабағына қарамасаң, ол адам екінші рет бұл есікті ашпайды. Бірде бізге Қызылорда қаласының тұрғынынан өтінішхат келді. Ұзақ жылдан бері жас ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Алматының Бостандық ауданынан ипотекаға үй алған. Девальвация кезінде, несие берген банк бұрынғы курс 150 теңгемен емес, соңғы курс 340 теңгемен төлеуге мәжбүрлейді. Ұлттық банктің қаржылық қызмет тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департаменті басшысының атына жолдаған хаты­мыздың арқасында мәселе оң шешіліп, өтініш иесі ескі курспен несиесін төлеп, жаңа пәтеріне кірді.

Өзі де мүгедек, асырап отырған төрт қызының екеуі мүгедек Р. есімді азаматты 3 жылдан бері білеміз. «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өтетін іс-шаралардан қал­дырмай келеміз. Мәслихат депутат­тарынан бастап, Мәжіліс депутаттарының қабылдауына ықпал етіп, көптеген мәселелерін шешуге қол жеткіздік. Бір қызын Астана қаласындағы медициналық орталықта квота арқылы емдеуге, тұрақты тіркелуге, тұрғын үй алу кезегіне тұруға, жеңілдікпен дәрі-дәрмек алуға жәр­демдестік. Мұның бәрі - бір адамға ғана көрсетілген көмектер.

Жалғызбасты, баспанасыз, күйеуі жоқ М. есімді қарындасымыз, жеке балабақшаның иелері жарты жылдан бері төлемей жүрген еңбекақысын алып беруге көмектесуді сұрады. Қазақстанның Еңбек Кодексін жұмыс беруші өрескел бұзып, еңбек шартын жасамаған. Еңбек шарты болмаса, еңбек және көші-қон инспекциясы басқармасы түк те істей алмайтынын жақсы білгендіктен, күрмеуі қиын бұл әлеуметтік мәселені шешу жолдарын қарастырып, өтініш иесінің еңбек кітапшасында жұмысқа алу жөнінде жазылғанын білдік. Ертесіне еңбек кітапшасының көшірмесін алдыртып, Алматы қаласы бойынша еңбек және көші-қон инспекциясына арнайы хат жазу арқылы, еңбек инспек­торының көмегімен еңбекақысын алуға қол жеткіздік.Миллиондаған еңбекақы­ларына қолдары жете алмай жүрген бір топ құрылысшылар бұйымтайымен қоғамдық қабылдау бөлімінің есігін ашты. Төрт адамның әрқайсысының атына 1 жарым - 2 миллион теңге бере­шегі бар екен. «Нұрлытау» бизнес-орталығына орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестікке, сондай-ақ Алма­ты қаласы бойыша еңбек және көші-қон инспекциясына хаттар жазылып, еңбекақылары қолдарына тиді.

«Нұр Отан» партиясы Бостандық ау­дандық филиалының Төрағасы Б.Тор­ғаев­тың бекіткен кестесіне сәйкес, аудан әкімінің орынбасарлары аудандық филиалдың кеңсесінде 31 рет азаматтарды өз салалары бойынша қабылдады. «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының Төрағасының бірінші орынбасары Б.Жамбылов әр айдың 2-ші және 4-ші бейсенбісінде қоғамдық қабылдау өткізіп келеді. Аудандағы мемлекеттік құрылым басшыларының да қабылдаулары өтті. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегендей, мегаполис тұрғында­рының нөмірі бірінші мәселесі болып табылатын, баспана бойынша өткізілген қабылдауларға тек біздің ауданның ғана емес, қаланың барлық аудандарынан дерлік азаматтар келіп, көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап тапты. Оның ішінде пәтерге ие болғандары да, заңсыз кезегінен шығып қалғандардың кезектері қалпына келтірілгендері де баршылық. Түрлі коллекторлық компаниялардың қоқаңдауынан әбден зәрезап болған, ипотекаға, тұрмыстық қажеттілікке несие алушылар тұтынушылар құқығын қорғау департаменті арқылы жеңілдіктерге ие болу бақытына бөленді. «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиа­лының қоғамдық қабылдау бөлмесіне көрсетілген мерзімде барлығы - 402 өтініш келіп түскен болса, оның - 164-іне түсініктеме беріліп, 161 мәселе оң ше­шімін тауып, өтініш иелерінің ілти­патына ие болды. Одан басқа, 99 қоғам­дық қабылдауда қаралған 77 жазбаша өтініш бар. Қоғамдық қабылдаудың қыр-сыры көп, азаматтар мемлекеттік ме­кемелер мен құзырлы органдар тарапынан мәселелері шешілмегендіктен, «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қа­былдауына тоқтаусыз келіп жатады. Бізде өтетін әрбір қабылдау үшін оған алдын ала тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізіп, қабылдау өткеннен кейін оны логикалық аяқтау процесін және ең соңында мәселенің оң шешілуін қа­да­ғалап, нәтижесін өтініш иесіне жеткізуге тырысамыз.

Байғали Әбдәліұлы, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының кеңесшісі