Қырым мәртебесі түбегейлі реттелмеген - Ыдырысов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырым мәртебесі туралы мәселе түбегейлі реттелмеген деп санаймыз. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде қалыс қалдық. Яғни, біз халықаралық-құқықтық тұрғыда Қырым мәртебесі туралы мәселе түбегейлі реттелмеген деп санаймыз. Сондықтан біз осыған, мәртебе айқындалмаған дегенге сүйенеміз. Біз Ресей де, Украина да бұл мәселені түбегейлі шешу үшін саяси да, басқа да мүмкіншіліктер таба алады деп ойлаймыз», - деді Ыдырысов БАҚ өкілдерінің Қырым мәртебесіне қатысты сауалына орай.

Министр Қырым мәртебесі өте күрделі халықаралық-құқықтық сипатқа ие екендігін баса айтты.  Сонымен қатар ол Қырымның әкімшілік мәртебесі нақты айқындалмағандықтан шаруашылық субъектілері онымен байланыста барынша абай болуы керектігін атап өтті.

«Бұл реттегі біздің кеңесіміз  қандай да бір тікелей өзара іс-қимылдан қалыс болу керек. Яғни, жағдайды ескеру қажет. Іс жүзінде көптеген елдер, олардың шаруашылықтары мен басқа да нысандары  ыңғайсыз жағдайға қалды. Бірақ, шындық солай. Шынайы жағдай мынадай, халықаралық-құқықтық тұрғыда Қырымның мәртебесі реттелмеген. Бұл келешектің мәселесі»,-  деді Ыдырысов.