Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.
Отырыс барысында С.Ахметов облыс әкімінің лауазымына Қырымбек Көшербаевтың кандидатурасын ұсыну туралы Елбасының мәслихат депутаттарына бағыттаған хатын оқып берді. Депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қабылдады.
Отырыс соңында С.Ахметов облыс активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды.
«Жаңа әкімнің міндеті - өңір экономикасының одан арғы дамуын қамтамасыз ету және Елбасы тапсырмаларын тиімді жүзеге асыру», - деді С.Ахметов.
Өз кезегінде Қ.Көшербаев ҚР Президентіне өзіне артқан жоғары сенімі үшін алғысын білдірді. Үкімет басшысы сондай-ақ облыстың бұрынғы әкімі Болатбек Қуандықовқа атқарға жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.
Көшербаев Қырымбек Елеуұлы - 1955 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы Қазалы қаласында туған. Қазақ. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша (1978), КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын (1991) бітірген, саясаттанушы.
Саяси ғылымдар докторы (халықаралық қатынастар). 50-ден астам ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы.
1978 жылдан - Қызылорда қаласындағы «Главриссовхозстрой» ЖМК-112 инженері, өндірісті дайындау тобының бастығы. 1979 жылдан - Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс - Қызылорда облысы күріштік инженерлік жүйесі штабының бастығы. 1981 жылдан Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті екпінді құрылыстардағы комсомол ұйымдары секторының меңгерушісі. 1982 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің жауапты ұйымдастырушысы (Алматы қаласы).
1983 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Қызылорда қалалық комитетінің бірінші хатшысы. 1986 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары (Алматы қаласы). 1987-1988 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі. КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын (1988-1991) бітіргеннен кейін 1991 жылдан бастап Қазақ ССР Президенті Аппаратының Мәдениет және ұлтаралық қатынастар референтурасының референті болды. 1991 жылдан - ҚР Премьер-Министрі орынбасарының көмекшісі. 1994 жылдан - Алматы қаласындағы Калинин ауданының әкімі. 1995 жылдан - ҚР Министрлер Кабинеті Аппараты басшысының орынбасары - ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі. 1995 жылдан - ҚР Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары - аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі. 1996 жылдан - ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы - Баспасөз қызметінің жетекшісі. 1997 жылдан - ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі. 1999 жылдан - ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрі. 1999 жылдан - ҚР Білім және ғылым министрі. 2000 жылдан - Батыс Қазақстан облысының әкімі. 2003 жылдан - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы, оған қоса Финляндия мен Армениядағы төтенше және өкілетті елшісі. 2006 жылдан 2011 жылғы желтоқсанға дейін - Маңғыстау облысының әкімі. 2012 жылғы шілде-қыркүйек айларында - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.
2012 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
«Парасат» (2003), «Достық» (РФ, 2006), ІІ дәрежелі «Барыс» (2009) ордендерімен, медальдарымен марапатталған.