Қысқа дейін «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолындағы жұмысты аяқтау туралы тапсырма берілді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың төрағалығымен «Қалбатау-Майқапшағай» және «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» республикалық маңызы бар автожолды қайта жаңғырту жұмыстарына қатысты кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: gov.kz

Жиынға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының, «Синьсинь» және «Ситик» мердігер компанияның өкілдері қатысты.

Димитрий Гариков облыс үшін екі маңызды автожолындағы жөндеу жұмыстарында кешігу барын және осы бағытта жұмысты күшейту керек екенін атап өтті.

«Қалбатау-Майқапшағай» автожолының кейбір учаскелерінде жұмыстар кешігіп жатыр, бұдан бөлек жоспарға сәйкес қысқа дейін «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» жолында асфальт қабатымен қозғалысты ашу керек, бірақ бұл бағытта да жұмыстар тұралап тұр. Жұмыстарды жандандыру мақсатында жұмысшылардың үшінші ауысымын қосуға келістік. Сондықтан тоқтап тұрған учаскелерді аяқтау туралы уәделеріңізді орындауларыңыз қажет», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, жиын барысында қатысушылар жол учаскелерін қысқы кезеңге дайындау бағытында жұмыс қарқынын арттыру қажеттілігін талқылады.