Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,9 пайызды құрады - министр

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы жылдың қаңтар айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,9 пайызды құрады.

Бұл туралы бүгін биылғы жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын нақтылау туралы Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.

«Өткен жылдың қаңтар айына қарағанда, биылғы жылдың қаңтар айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,9 пайызды құрады. Ал өнеркәсіп өндірісі 5,8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 пайызға өсіп, бөлшек сауда тауар айналымы 11,1 пайызға, сондай-ақ көлік қызметі 7 пайызға артты»,-деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың қаңтар айында халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың өсу жөніндегі болжамын 4,2 пайыздан 4,4 пайызға дейін ұлғайту жағына қарай түзетті.