Бұл туралы бүгін Үкімет отырысындаағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.
«Экономиканының басты 6 саласының, атап айтқанда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік, байланыс салаларының даму динамикасын сипаттайтын қысқа мерзімді эконмикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өсті», - деді Ж. Айтжанова.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның экспортқа бағытталған өнімдеріне әлемдік нарықтағы бағаның жоғарылауы, сонымен қатар ішкі сұраныстың өсуіне байланысты өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға ұлғайды. «Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 19,1 пайызға, тау-кен өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 5 пайызға артты», деді министр.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі биылғы жылдың қаңтары мен қыркүйек айлары аралығында 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға төмендеді. Оған өсімдік шаруашылығы өнімінің былтырғы жылдың жоғары көрсеткіштеріне қарағанда төмен болуы, сондай-ақ қолайсыз ауа райы себеп болды. Сонымен қатар өнеркәсіп саласының қарқынды дамуы көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 18,7 пайызға, байланыс қызметі көлемінің 4,9 пайызға және сауданың 12,9 пайызға артуы ықпал етті.