Қысқа уақытта қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін жобаларға басымдық беріледі - Көлік және коммуникация министрі

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Көлік және коммуникация саласында басталып қойған және қысқа уақыт ішінде қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін инвестициялық жобаларға басымдық берілетін болады.

Бүгін Көлік және коммуникация министрлігінің Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға арналған алқа мәжілісінде министр Әбілғазы Құсайынов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Барлық басымды емес инвестициялық шығындарды сызып тастау қажет. Басымдық басталып қойған және қысқа уақыт ішінде қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін жобаларға беріледі. Негізгі экспортшылар әлемдік нарықта өздерінің өнімдерін сатуда қиындыққа тап болып отрыған қазіргі жағдайда жүктерді тасымалдауда айқын, икемді және ашық тарифтік саясат қалыптасуы тиіс», - деді алқада Ә. Құсайынов. Министр саланың барлық субьектілерінің әкімшілік, шаруашылық шығындары қатаң шектелуі тиістігін атап көрсетті.