Қысқы Азия ойындарында ел намысын алты бірдей батысқазақстандық шорт-трекші қорғайды
Ел құрамасының бас бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбековтің айтуынша, жігіттерден Бейжің олимпиадасына қатысқан Айдар Бекжанов, сондай-ақ Артур Сұлтанғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиев, қыздардан Инна Симонова мен Ксения Мотова айдынға шығады. Қазір шорт-трекшілер Астанада жаттығуда. Спорттың бұл түрінен жарыс 31 қаңтар күні басталмақшы.
Батыс Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағановтың сөзіне қарағанда, Оралдың «Ақжайық» командасынан жасақталған Қазақстанның допты хоккей құрамасы алтын медальға қол созса, шорт-трекшілер мен мәнерлеп сырғанаушылар Виктор Адоньев пен Виктория Кучеренко (бапкерлері - Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Светлана Алексеева мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы М.Оңдағанов) Азиадада қола жүлдеге қол жеткізеді деген үміт бар.