НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Паралимпиада ойындарында қазақстандық Александр Герлиц шаңғымен 12,5 шақырымға түрегеп жарысудан жекелей сында мәре сызығын бесінші болып қиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған сайыста алтын медаль франциялық Бенжамен Давьеге бұйырса, одан кейінгі орындарды канадалық Марк Арендц пен украиналық Григорий Вовчинский өзара бөлісті.
Еске салсақ, бүгін қазақстандық спортшы Александр Герлиц парабиатлоннан 10 шақырымға түрегеп сырғанауда мәре сызығын үшінші болып қиды.
Одан кейін спринтте 5-орын алды.
Қазақстан спортшылары Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.
Бүгінгі күнге дейін 1994 жылы 10 шақырымға классикалық мәнерде шаңғы жарысында қазақстандық Любовь Воробьева күміс алған еді.
Ал 2018 жылы шаңғымен жарыста Александр Колядин 1,5 шақырымға классикалық мәнерде спринт жарысында чемпион атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.