Қысқы чемпионатқа Elitе және Age Group санатындағы спортшылар қатысып, «стандарт», «спринт» қашықтығы бойынша сынға түсті.
Жарыстың ашылуында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен, Elite санатында 1 сағат 28 минут 43 секунд нәтижесімен Дмитрий Коломеец (Ақмола облысы) чемпион атанды. Ал әйелдер арасында 1 сағат 37 минут 28 секунд уақыт көрсеткішімен Наталья Саковнина (ШҚО) жеңімпаз болды.
Age Group санатында жеке есепте ерлер арасында 41 минут 50 секунд уақыт көрсеткішімен Марк Старостиг (Астана қаласы) абсолютті жеңімпаз атанса, әйелдер сапында Дарья Старостина 51 минут 41 секунд нәтижесімен үздік атанды.
Age Group санатындағы эстафеталық командалар арасында «Athletic Family» атты астаналық команда 44 минут 23 секунд уақыт көрсетіп, бірінші орын алды.
Қысқы чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов құнды сыйлықтар мен сертификаттар табыстады.
Сонымен қатар, аталған шара аясында «TEMIRADAM Challenge» атты қысқы жүгіруден жарыс ұйымдастырылды. Мұнда әуесқой желаяқтар 5 және 10 шақырым қашықтықта өзара сынасты.
Жүгіру сайысында 10 шақырым қашықтықта ерлер арасында Нұрлан Жақыпов (Астана қаласы, 33 минут 38 секунд) үздік атанса, ал әйелдер арасында Айна Үсенова (Астана қаласы, 47 минут 47 секунд) жеңіске жетті.
Сондай-ақ, 5 шақырым қашықтыққа жүгіруде 23 минут 03 секунд уақыт көрсеткішімен Александр Муляк (Қарағанды облысы) бірінші болып келсе. Дәл осы қашықтықта әйелдер арасында 24 минут 59 секунд уақытымен Диана Асауова (Қарағанды облысы) алтын алқа тақты.
Қысқы спорт бәсекесіне Астанадан бөлек, Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Шығыс Қазақстан облысынан барлығы 200 адам қатысты. Сонымен қатар АҚШ, Чехия және Ресей елдерінен әуесқой спортшылар келді.