«22 желтоқсан күні 28-ші қысқы Дүниежүзілік универсиаданың аймақтық штабтары алауды алып жүру эстафета бағдарын анықтады. Енді Қазақстанның 16 қаласында аталған шара қандай орындарда өтетіні белгілі болды», делінген хабарламада.
2017 жылдың 25 қаңтарында Астана қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың алауы жағылады. 5 күннің ішінде Қазақстандағы барлық облыс орталықтарында Универсиаданың өз алауы жағылады.
Жалпы Универсиада алауы 22500 шақырым жолды жүріп өтеді, оның 200 шақырымын алау ұстаушылар алып жүреді.
Студенттік ойындардың ресми тасымалдаушысы - «Эйр Астана» әуе компаниясы аймақтарда жағылған алауды Алматыға жеткізеді. Осыдан кейін 22300 шақырым жол жүріп келген алаулар 29 қаңтар күні Алматыға жеткізіліп, ресми түрде Универсиаданы ашады.
Айта кетейік, Универсиада алауы 25 қаңтарда Астанада, 26 қаңтар күні Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, 27 қаңтарда Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтауда, 28 қаңтарда Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорғанда, 29 қаңтарда Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жағылады.