Ерлер арасындағы сында А финалында қос бірдей қазақстандық Денис Никиша мен Айдар Бекжанов күш сынасты. Денис қола жүлдені иеленсе, Айдар мәреге төртінші болып келді. Алтын мен күміс медаль оңтүстіккореялықтардың қанжығасында кетті. Бұл - Д.Никишаның осы универсиададағы екінші қоласы.
Өкінішке қарай, осы қашықтықтағы мықтылардың бірі Нұрберген Жұмағазиевке жартылай финалда төрешілер пенальти беріп, жарыстан шеттетті. Универсиада барысында Нұрберген осылайша екі рет жазаланды.
Әйелдер арасындағы додада қазақстандық Анастасия Крестова жартылай финалда өнер көрсеткенімен, өз тобында мәре сызығын төртінші болып қиып, жүлделер сарапқа салынатын бас финалға шыға алмады. Ал Мәдина Жанбосынова мен Қазақстан азаматтығын алғанына үш жылға жуықтаған Ким Йонг А ширек финалдан асқан жоқ. Ким Йонг А өз тобында мәреге бірінші жеткенімен, төрешілер тәртіп бұзды деген себеппен оған да пенальти беріп, бәйге жолынан шығарып тастады.
Айта кетейік, осы сыннан кейін Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы эстафетадан финалда жүлделі орындар үшін бәсекеге түседі.
Жалпы, елімізде шорт-тректің дамуы бұдан 15 жыл бұрын Оралда жабық мұз айдыны сарайының ашылуымен байланысты. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бастаған мамандар осы уақыт ішінде еліміз құрамасының негізін құрайтын шорт-трекшілерді даярлай білді. Қазіргі таңда атыраулық Денис Никишадан басқаларының барлығы дерлік БҚО-дан түлеп ұшқан. Мысалы, 1993 жылғы Айдар Бекжанов - Қазақстан құрамасындағы тәжірибелі спортшылардың бірі. Ол қазақ шорттрекшілері арасында тұңғыш рет 2010 жылғы Ванкувер олимпиадасына қатысып, 500 және 1 мың метр қашықтықта сынға түскен болатын. Содан кейін құрамында Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев және Денис Никиша бар қазақстандық төрттік Сочи олимпадасында эстафеталық сында бесінші орынды иеленген еді. Ал өткен жылы Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев айды аспанға шығарып, әлем кубогы кезеңдерінде жеңімпаз атанды. Осы Универсиаданың өзінде бұдан бұрын жекелей сында А.Әжіғалиевтің күміс, Н.Жұмағазиев пен Д.Никишаның қола жүлдені иеленгені белгілі.