АСТАНА. ҚазАқпарат - Красноярск қаласында өтіп жатқан ХХІХ дүниежүзілік қысқы универсиадада қазақстандық бенди шеберлері алғашқы матчын ресейліктермен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу Ресей құрамасының айқын басымдылығымен өтіп, 9:1 есебімен аяқталды.
Қазақстандықтар сапындағы «Ақжайықтың» жас шабуылшысы, 19 жасар Азат Бектұрған жалғыз голдың авторы атанды. Ал Сұлтан Қадыржановтың 38-минутта орындаған 12 метрлік айып добын ресейлік қақпашы Юрий Иванчиков қайтарды.
Ресейдің жоғары лигасында өнер көрсететін «Ақжайықтың» бас бапкері Николай Шавалдин жаттықтыратын Қазақстан құрамасы 3 наурызда финдермен, 4-інде шведтермен, 5-інде норвегтермен айдынға шығады. Универсиадаға барлығы бескоманда қатысып жатқандықтан, соның төртеуі жартылай финалға жолдама алады.Демек, үміт әлі үзілген жоқ.
Кеше сондай-ақ Швеция құрамасы норвегтерді 8:0 есебімен ойсырата жеңді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден Қазақстан құрамасының универсиадада алғашқы матчын ресейліктермен өткізетінін жазған болатынбыз.
Ел құрамасының негізін «Ақжайық» хоккейшілері (капитаны Максим Өтебалиев) құрайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).