АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан универсиадада Қазақстан қоржынына тағы бір қола медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, шаңғы жарысынан эстафетадан Қазақстан қыздар құрамасы мәре сызығын үшінші болып қиды.
Финляндия құрамасы чемпион атанса, норвегиялық студент қыздар күміс жүлдегер атанды.
Қазақстан сапында Айша Рақышова, Надежда Степашкина және Ксения Шалыгина жарыс жолына шықты. А.Рақышова (жеке бапкері Нәзігүл Дүйсенова) Алматы облысынан болса, К.Шалыгина (жеке бапкері, әкесі – Владимир Шалыгин) Алматы қаласынан, ал Н.Степашкина (жеке бапкері – Олег Коломеец) Ақмола облысынан.
Олардың бәрі де ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Спортты дамыту дирекциясында» штатта тұрады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын универсиадада Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 қоламен медальдар кестесінде алтыншы орында тұрғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).