Қысқы Универсиада: шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасына қола жүлде бұйырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 28-інші қысқы Универсиаданың шорт-трек бағдарламасы бойынша ерлер арасында 5 мың метрлік қашықтықта эстафета жарысы мәреге жетті,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шорт-трек бойынша соңғы сынға ең мықты Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай және Қазақстан құрамалары қатысты.

Мәреге санаулы метрлер қалғанда, оңтүстіккореялық спортшы тәртіп бұзып, Нұрберген Жұмағазиевті итеріп, жығып тастады. Сөйтіп Қазақстан құрамасын алтыннан айырды десе де болады. Ойламаған жерден қытайлықтар чемпион атанса, ресейліктер күміс жүлдені иеленді. Оңтүстіккореялықтар жарыстан шеттетілсе, қазақстандықтарға қола медаль бұйырды.

Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бастаған мамандар баптайтын Қазақстан құрамасы сапында батысқазақстандықтар Абзал Әжіғалиев, Айдар  Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев және атыраулық Денис Никиша өнер көрсетті.

Сонымен, бұл универсиадада Қазақстан шорт-трек құрамасы алтынға қол жеткізбегенімен, бір күміс, төрт қола жүлдені еншіледі.

Айта кетейік, 8 ақпанға қараған түні қазақстандық шорттрекшілер Беларусь астанасы Минск қаласында өтетін әлем кубогы кезеңіне аттанады.

Спортшыларымызға енді дүниежүзілік додаларда және алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін олимпиада ойындарында сәттілік жолдас болсын дейік.