АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес Лэйк-Плэсид (АҚШ) қаласында өтіп жатқан қысқы универсиаданың чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Вадим Куралес 15 шақырым қашықтықта жекелей сында мәре сызығын бірінші болып қиды.
Жарыс жолына 16-ыншы болып шыққан Вадим нысана көздеуден бір ғана рет (0 1 0 0) мүлт кетіп, 42:37.4 минут нәтиже көрсетті.
Норвегиялық биатлоншы Эрьян Мосенг қазақстандықтан 42,6 секундқа қалып қойып, екінші орынға ие болды. Франциялық Аксель Гарнье ( 1:16.5) үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстандықтардан бүгін сондай-ақ Александр Мухин, Кирилл Бауэр және Бекентай Тұрлыбеков осы қашықтықта сынға түскенімен, олар жүлдеге іліге алмады.
Осылайша, Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде – алтын медаль түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қысқы универсиадада мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық жұптың 10-орын алғанын жазған болатынбыз.
Фото: sports.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).