ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қыста балық аулау өте қауіпті. Су қоймаларына келген балықшылар арасында талапқа сай дайындалғандар өте сирек. Олар көбінесе өз өмірлерін қатерге тігіп, мұзға шығып жатады. Шығыс Қазақстанда құтқарушылар қыс басталғалы бері профилактикалық рейдтер жүргізуде.
«Жергілікті атқарушы орган өкілдерімен және полицейлермен бірлесіп барлығы 620-дан астам рейд, 364 нұсқаулық өткізілді. Балықшыларға қауіпсіздік ережелері жазылған 5097 парақша таратылып, облыс мектептерінде оқушылар үшін 29 интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Бүгінде су айдындарында 18 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, ТЖД мамандары қыста балық аулауға шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін түсіндірді:
1. Мұзды үлкен қылып оймай, мұз үстіне бір уақытта көп адам шықпау керек.
2. Ұзындығы 12-15 метрді құрайтын арқан болу керек, оның ұшына ілмек жасалуы тиіс.
3. Мұз үстінде шаңғымен жүрген кезде шаңғының ізі қалған жолдармен ғана жүріңіз.
4.Мұздың қалыңдығы адамдар үшін кемінде 10 см, жеңіл автокөліктер үшін кемінде 30 см болса қауіпсіз деп саналады.
5. Мұзға шыққан кезде бұл туралы алдын ала туыстарыңызға немесе таныстарыңызға хабарлаңыз.
6. Өзіңізбен бірге қуатталған ұялы телефон алып жүріңіз.
7.Балық аулауға бара жатқан су қоймасының тереңдігін, таяз жерлерін жақсы білуіңіз керек.
8. Егер құтқарушылардың көмегі қажет болса, «112» телефонына қоңырау шалыңыз.