Қыста қандай аурулардан сақ болу керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күн суыта бастағаннан-ақ жұқпалы аурулардың пайда болу қаупі де арта түседі. Жылдың бұл мезгілінде, әсіресе, балалардың денсаулығына көбірек көңіл бөлген абзал. Өйткені, өсіп келе жатқан бала ағзасы инфекцияларға аса сезімтал. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн екенін дәрігердің қай-қайсысы да айтады. Сол себепті сарапшылар да ата-аналар өз балаларын қауіпті аурулардан қорғай алатын вакцинация жасату қажеттігін ұмытпағаны жөн екендігін де ескертіп отырады.

Бүгінде оңтүстік астананың білікті дәрігерлері ақ халаттарын шешіп, ата-аналарға жақын болып, жұртшылықпен бетпе-бет әңгімелесу мақсатында емдеу мекемелерінен тысқары сауда орталықтарында демалып жүрген ата-аналармен сұхбаттасуда.  Айта кетерлігі, «Вакцинология» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Ормандағы денсаулық алаңқайы» атты әлеуметтік жоба аясында қолға алынған вакцинация мәселелері жөніндегі жылжымалы кеңес беру пункті 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап іске асырылуда.

«Біз ата-аналармен кездесуімізді медициналық кабинеттерден сырт жерде өткізуді жөн көрдік. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің тарапынан қолдау тапқандықтан біз жылжымалы жұмыс алаңымызда елімізде балалар денсаулығымен айналысатын, иммундау мәселелерін жетік меңгерген білікті мамандардың басын қостық. Біздің басты міндетіміз  ата-аналардың әртүрлі жұқпалы аурулардан қалай сақтану керектігі туралы сұрақтарына жауап беру, оның ішінде вакцинацияның жұқпалы аурулардан қорғаудағы маңыздылығы, ерекшеліктері және адам иммунитеті қалай жұмыс істейтіні туралы мәселелерді пысықтап түсіндіру. Біздің алаңқайда невропатолог, педиатр, иммунолог, аллерголог және эпидемиолог мамандары кәсіби кеңестерін береді», - деді «Вакцинология» қоғамдық бірлестігінің президенті Айнагүл Қуатбаева.


Өкінішке орай, оның айтуынша, балалардың денсаулығы вакцинацияға (екпеге) тікелей байланысты екенін ата-аналардың бәрі бірдей біле бермейді. Мысалы, 2010 жылға дейін елімізде пневмококк инфекциясынан жыл сайын 1500 жуық бала бір жасқа толмай жатып көз жұматын. Сол себепті қазақстандық дәрігерлер осы вакцинаның Қазақстанда балалары үшін қол жетімді болуына қол жеткізді. Бұл мәселе мемлекет тарапынан қолдау тапты. Сондықтан, Қазақстанда 2010 жылдан бастап 2015 жылға дейін әр аумақта кезек-кезегімен пневмококты инфекцияға қарсы вакцинаны енгізу бағдарламасы қабылданып, өз кезегінде Ұлттық иммундау күнтізбесіне де енгізілді. 2015 жылдан бастап пневмококк жұқпасына қарсы вакцинация бүкіл республикада балалар арасында жүргізіледі.

«Көп жағдайда ата-аналар вакцинацияның салдарынан баланың дене қызуы көтерілуінен немесе бала денесінде бөртпе пайда болуынан қорқатынын айтып жатады. Мен дәрігер ретінде халықтың көпшілігінің  миллиондаған адамдардың өмірін жалмап, әсіресе, сұрапыл инфекцияларға қарсы ағзасы төтеп бере алмаған, иммунитет жүйесі әлсіз балалар арасында мүгедектікке әкеп соқтырған індеттер жайлы ұмытып қалғанын түсінемін. Мысалы, полиомиелит ауруы мүгедектіктің әр түріне әкеп соғады. Хиб және пневмококк инфекцияларының ауыр формалары кезінде менингит, сепсис, пневмония, отит және тағы басқа аурулар асқынатындығын ұмытпаған жөн. Бұл жұқпалардың салдарынан көп жағдайда баланың жүйке, көру және тыныс алу жүйелерінің зақымдалуына байланысты мүгедектіктің пайда болуы әбден мүмкін. Бүгінгі күні атын ести бермейтін көп аурулардың бірі - сіреспе. Вакцинацияға дейін сіреспеге шалдыққан нәрестелердің 95 пайызы көз жұматын еді (яғни әрбір 10 нәрестенің 9-ы). Мұндай кезде инфекцияның өзі емес, аурудың асқынулары қауіп тудырады. Әрине, біздің болашағымыз - балаларымызды мұндай қасіреттерден қорғаудың бірден-бір жолы  вакцинация жасату. Ең бастысы, вакцинация балалардың дені сау кезінде жасалуы тиіс. Баланы көкжөтел ауруының салдарынан болатын ұзақ уақыт («жүз күндік» деп аталатын), «тоқтамайтын» және ұстама тәріздес жөтелден қорғау үшін жасалатын вакцинациядан немесе дифтерия (күл) кезіндегі тұншығудан және басқа да аурулардың салдарынан қорғау үшін, барлық балаларда бірдей байқала бермейтін дене қызуының көтерілуі, екпе салған жердің қызаруы, аздаған әлсіздік немесе жайсыздық түрінде кездесетін иммунитеттің  пайда болуымен сипатталатын кейбір жағымсыз әсерлерге ата-аналар тарапынан аз ғана төзімділік керек. Бұл аталған көріністер бала ағзасының вакцинацияға иммунитетті қалыптастыру үшін арнайы қорғаныш заттарды (ақуыздар) бөлінуіне байланысты. Бұл құбылыстан қорқып, баламызды жұқпалы аурулардың асқынуына душар етуден аулақ болайық», - деді невропатолог дәрігер Әлия Смағұлова.

Жылжымалы кеңес беру пунктінің алғашқы іс-шарасы үстіміздегі жылдың 30 тамыз күні Талдықорған қаласында өтті. Ал 2016 жылдың 4 қыркүйегінде жылжымалы кеңес беру орны Алматыға келді. Шырайлы Алматыда шаралар әр жексенбі сайын 2016 жылдың қазан айының соңына дейін Розыбакиев көшесіндегі Мега ойын-сауық орталығында таңертеңгі сағат 11:00-ден бастап, кешкі сағат 19:00-ге дейін өткізілетін болады. Содан кейін жылжымалы кеңес беру пункті Қазақстанның басқа қалаларын аралайды. Ұйымдастырушылар шараларды Астана, Орал, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында өткізуді жоспарлап отыр.


«Ата-аналарға кеңес беріліп жатқанда олардың балаларын біздің  аниматорлар ойнатып, көңілін аулатады. Олар қауіпсіз ертегі әлеміне ұқсас алаңқайда сурет салып, шарлармен ойнайды. Отбасының барлық мүшелерімен суретке түсіп, лезде шығарылатын суретті арнайы суретсалғышымен сыйлыққа алады. Осының бәрі балалардың көңілінен шығып отыр. Ал ата-аналар болса, қолайлы жағдайда, балаларына алаңдамай дәрігерлермен сұхбаттаса алады», - деді педиатр-иммунолог Светлана Постнова.

Ал «Mega Alma-Ata» сауда ойын-сауық орталығының директоры Ерлан Нұрмағамбетов Mega-ның бүкіл отбасы демалатын орынға айналғанын атап өтті.

Қонақтарымыз бен келушілеріміз өте қымбат болғандықтан, біз қоғамдық ұйымның жобаға қатысу ұсынысын қуана құптап, атсалысуға келістік. Жоба аурулардың алдын алуға, өлім-жітім мен мүгедектікті болдырмауға бағытталған. Өйткені дені сау балалар біздің болашағымыз!»,  дейді ол.