Қыста туған балалар жиірек солақай болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыста туған ұл балалар жазда өмірге келгендерге қарағанда жиірек солақай болады. Бұл туралы зерттеу деректерінде хабарланған, деп жазады Росбалт.

Вена университетінің мамандары 13 мың ересек адамды зерттеген көрінеді. Осының нәтижесінде әйелдердің 7,5 пайызының және ер адамдардың 8,8 пайызының солақай екені анықталды. Сонымен қатар ерлер арасындағы солақайлардың 8,2 пайызы ақпан мен қазан айларының аралығында өмірге келген. Ал 10,5 пайызы қарашадан қаңтарға дейінгі аралықта туған.

Осы орайда ғалымдар солақай болу мүмкіндігін анықтайтын гормондар мөлшерінің деңгейімен жыл мезгілінің байланысы бар дегенді алға тартуда. Атап айтқанда, ана құрсағында жетілу кезеңінде тестостеронның жоғары деңгейі адамдарды солақай қылады екен. Күн неғұрлым ұзақ болған сайын тестостерон деңгейі де соғұрлым жоғарырақ болады. Осы орайда қыста туған балалар жаз бойы жатырдағы даму кезеңінде болғандықтан, олар көбірек гормон алады.