Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің Баспасөз қызметі басқармасының аға инженері Любовь Шапошникова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қаңтардың 3-і күні Батыс Қазақстан облысында көрші ауылға қонаққа барған шопанның отбасы қайтарда күннің қатты суытып, тұман түсуіне байланысты жолдан адасып кеткен. Отағасы жолды тауып, үйіне барып ат-көлік әкелгенше әйелі 4 жасар баласын өзінің киіміне орап, өзі үсіп опат болған. Бала аздаған үсік шалғаны болмаса, дін аман. «Қаңтардың 8-і күні Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Смирнов ауылында үйдің ауласында 1964 және 1965 жылы туылған ерке пен әйел адам қатып қалған. Сондай-ақ қаңтардың 16-сы күні Ақтөбе облысындағы Шевченко ауылында екі азамат үсіп өлген. Олардың денелері өткен жұмада үйлерінің ауласынан табылды. Қаңтардың 18-і күні Солтүстік Қазақстан облысында 49 жасар әйел үсіктен көз жұмды», деді баспасөз басқармасының инженері.