Қыстың қамын жазда ойлайтын елорда жұрты жәрмеңкеге ағылып жатыр

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада әкімдік алдындағы орталық алаңда жыл сайынғы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл жолы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары өз өнімдерін көпшілікке ұсынуда.

Жамбыл облысынан жалпы құны 50 млн теңгені құрайтын 350 тонна өнім әкелінді. Атап айтқанда, 24 тонна ет өнімдері, сүт өнімдері, 180 тонна көкөністер мен жемістер.

«Жәрмеңке таңертеңнен бері өтіп жатыр. Біз Жамбыл облысынан келдік, 4 сиыр мен 2 жылқының етін әкелдік. Бірнеше сағаттың ішінде өтіп кетті. Бүгін етке сұраныс жоғары, себебі бәрі қысқа дайындалып жатыр, бағасы да тиімді. Меніңше, елімізде осындай жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыру керек. Шақырса, елордаға жәрмеңкеге тағы да келеміз», - деді astana.kz сайтына Жамбыл облысының өкілі Александр Кутьков.

Өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан облысынан Астанаға 48 млн теңгенің 324 тонна тауары жеткізіліп отыр. Атап айтқанда, 139 тонна көкөніс, 22 тонна картоп, бақша өнімдері, сүт өнімдері.

«Әрине, жәрмеңкедегі бағалар дүкендегіге қарағанда төменірек. Қазір күз болғандықтан бәрі қысқа дайындалып жатыр. Жәрмеңке дер кезінде өткізіліп жатыр. Азық-түліктер көп, ассортименті де мол, бағасы да қолжетімді. Елордада осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылуы тиіс», - деді astana.kz сайтына жәрмеңкеге келген қала тұрғыны Құндыз Жанұзақова.

Бұдан басқа, жәрмеңкеде мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ұлттық тағамдар мен тәтті-дәмділер ұсынылды, этно-ауыл құрылды. Еске салайық, Қазақстан өңірлерінің ауыл шаруашылық жәрмеңкелері 14 қыркүйек - 3 қараша аралығында демалыс күндері өтеді.