Қыстың суықтығына байланысты дәрі-дәрмекті пайдалану көлемі 1,5 есеге өсті - Денсаулық сақтау министрі

АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Дәрі-дәрмек бағасы өсетін болса, біз бұл мәселені өз уақытында шешу міндетін алып отырмыз. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, биылғы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша тендер екі ай бұрын өткізілді. Осыған байланысты дәрілерді наурыздың 1-інен елді мекендерге жеткізу қарастырылған.

Осы орайда Ж. Досқалиев өткен жылдың желтоқсанында Үкімет басшысы әкімдерге 2010 жылдың қаңтары мен ақпан айларына дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру туралы тапсырма бергенін еске салып өтті.

«Атап айтқанда, барлық ауруханаларда екі айға жететін дәрі жинақталды. Алайда қыстың суықтығына байланысты туындайтын аурулардың деңгейі биыл 1,5 есеге өсті. Ал науқастардың көбеюі сәйкесінше дәрі-дәрмекті тұтыну көлемін арттырып отыр», деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қаңтар мен ақпан айларына дайындалған дәрілердің көлемі былтырғы деңгейде жинақталған. «Солтүстік өңірлерде жағдай жаман емес, олардың үш аптаға жететін дәрілері бар. Еліміздің кейбір аймақтарында екі аптаға жететін қор бар. Сондай-ақ Маңғыстау облысында бір аптаға жететін дәрінің қоры қалған. Осыған байланысты Үкіметтің қаулысы шығып, енді әр ауруханаға дәрі-дәрмекті бір айлық мөлшерде өздері жергілікті жерлердегі фармацевтикалық компаниялардан сатып алу құқы берілді», деді ведомство басшысы.

Алайда осы жағдайда пайдаланып фармацевтикалық компаниялардың өкілдері бағаны өсіруі мүмкін екенін жеткізген министр, «егер дәрі-дәрмек бағасы өсетін болса, біз бұл мәселені уақытында шешеміз деген міндетті алып отырмыз», деді.