Қытай биыл жалпы ішкі өнім көлемі бойынша Жапонияны ығыстырып, екінші орынға шықты - «Санди телеграф»

None
АСТАНА. Желтоқсанның   28-і.  ҚазАқпарат -   Қытай, биыл жалпы ішкі өнім  көлемі бойынша Жапонияны  ығыстырып,  екінші  орынға  шықты.   Бұл туралы  британдық  «Санди телеграф»   апталығы    Лондон-Сити мамандарының бағалауына сілтеме  жасап хабарлайды.

Қытай жалпы ішкі  өнімнің   атаулы    мәні  бойынша әлем елдерінің арасында екінші  орынға   келесі, 2010 жылы шығады деп  болжанған  болатын.  Бірақ,   Аспанасты елі  бұл жетістікке ертерек -    ағымдағы жылдың  екінші  жартысында қол жеткізіп  отыр,  деп жазады  британ басылымы.

Бұл қорытындылар,  Қытайдың   мемлекеттік  статистикалық  қызметі  өткен аптада   2008  жылдың      нақтыланған мәліметтерін бергеннен кейін,  жасалып  отыр.    Сол   мәліметтерге сәйкес,   Қытайдың  жалпы ішкі өнімінің  өсуі,  бұрынғыдай  9 пайызды емес,  9,6  пайызды    құрап  отыр.

2008 жылдың  қорытындысы  бойынша Қытайдың   жалпы ішкі  өнімі   4,6 триллион  АҚШ  долларына жетті.  Жапония   үшін  бұл көрсеткіш   4,9   триллион  долларды  құраған   болатын.