Қытай дәрігерлері гемофилия дерті бар науқастарға операция жасауда қазақстандық тәжірибені қолданбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай дәрігерлері қазақстандық әріптестерін гемофилия дерті бар науқастарға операция жасау тәжірибесімен бөлісуді сұрап отыр.

Бұл туралы бүгін Ақордада Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесу алдында Астанадағы №1 қалалық ауруханасының инновациялық бағыттағы дәрігері Ерсін Жүнісов мәлім етті.

«Осыған дейін Орталық Азия мен ТМД елдерінде болмаған емдеу технологияларына қол жеткіздік. Оның ішінде бірінші қалалық ауруханада 80-нен астам инновациялық технологиялар енгізілді. Атап айтқанда, осы технологиялар кеңінен жүзеге асырылуы үшін тиісті орталықтар құрылды. Бұл бағытта инсульт орталығы, лор және басқа да орталықтар жасақталды. Нәтиже бар, яғни бұрын инсультпен келіп түскен науқастар өкінішке қарай реанимация бөліміне жатқызылатын немесе мүгедек болып қалатын. Қазір ерте кезеңде жасалатын операциялардың арқасында инсульттен кейінгі өлім мен мүгедектіктің деңгейі 2-3 есеге төмендеді. Дерті асқынған науқастарды аман алып қалуға шамамыз келіп жатыр»,-деді дәрігер.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ортопедия мен травматологияда Қазақстан ТМД және Азия елдері арасында бірінші болып гемофилия (қанның ұюының нашарлығынан қан тоқтамау), тірек-қозғалыс жүйесінің кеселді ісігі секілді індеттері бар науқастарды емдеу технологиясын енгізді. Бұрындары осындай дерттері анықталғандар шетелдік клиникалардың көмегіне жүгінетін немесе оларға операция жасалмайтын. Соңғы 10-15 жылда бұл проблема оңтайлы шешімін тауып отыр.

«Осы тұрғыда біз 15-20 шілде аралығында Бейжіңдегі Азиялық конгреске барамыз. Онда біздің әріптестер гемофилия дертіне шалдыққан науқастарды емдеудің технологиясын енгізу тәжірибесімен бөлісуді сұрап отыр. Осындай сырқаты бар адамдардың операциядан кейін өлім-жітімі өте жоғары болғандықтан, олар қазір бұндай дертпен келген емделушілерге операция жасамауда. Соңғы екі жылда олар біздің технологияларға қызығушылық танытуда, сондай-ақ біздің тәжірибені үйрену үшін жиі келіп жүр. Осы жолғы сапарымызда бірлескен операцияларды өткізуіміз ықтимал»,-деді Е. Жүнісов.