Қытай елінде тұратын қандасымыз, белгілі ақын Құрманбек Зейтінғазыұлы дүниеден озды

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Бақытжол Кәкеш/ - Сенбі, 8 қаңтар күні Қытай елінде тұратын қандасымыз белгілі ақын, айтыс сахнасының тарланбозы, жыр дүлдүлі Құрманбек Зейтінғазыұлы ұзаққа созылған науқастан кейін дүниеден озды.

Айтыскер ақын Құрманбек Зейтінқазыұлы 1941 жылы ҚХР Шынжаң өлкесі Алтай аймағы Шіңгіл ауданында дүниеге келген.

Құрманбек Зейтінқазыұлы Шынжаң қазақ әдебиетінің бүгінгі айтыс өнерінің көшін бастаушы. Бұрынғы өткен ақындарда көп ұшырайтын жұмбақ айтыс түрін қайта түлетіп, кейінгі буынға өзіндік үлгі көрсете білген ақын. Ол әр жылдары қатысқан аламан айтыстарда бас жүлдені жиырма мәрте жеңіп алып, «Ерекше еңбек сіңірген халық ақыны», «Халық ақыны», «Құрметті ақын» секілді ШҰАР-дың жоғарғы дәрежелі марапаттарын еншілеген. Ақын Іле қазақ автономиясы облыстық ауыз әдебиеті қоғамының, Алтай аймақтық әдебиет-көркемөнер қоғамының құрметті төрағасы. Қытай мемлекеттік ауыз әдебиеті қоғамының, мемлекеттік саны аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының мүшесі.

Айтыс өлеңдері ШҰАР оқулықтарына кірді. «Ақындар айтысы», «Жылып өткен жылдар-ай» т.б. жыр жинақтарын көпке ұсынды. Сонымен қатар ақын шығармалары жеке кітап болып қытай тіліне де аударылған.

Өнер сапарымен 1991 жылы Қазақстанда, 1992 жылы Түркияда, 1994-1996 жылдары Моңғолияда, 2006 жылы Германия, Франция, Голландияда болып, алыстағы ағайындар ортасында жыр төгіп, жұрттың алғысына бөленді.

Мағыналы өтсе екен өмір деген,

Құр аунамай қаңбақтай жел үрлеген.

Жер бесігі денемді құндақтаса,

Сөз қалса екен артымда көмілмеген, - деп жыр толғаған ақын мағыналы ғұмырында халқы сүйген, халқын өнерімен разы-хош ете білген ақын ретінде кеңінен танымал болды.