Қытай елшісі қазақстандықтарды «шығыс інжуі» - Гонконгке шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қытай Елшілігі ҚХР-дың Сянганды (Гонконг) өз иелігіне қайтаруына 20 жыл толуына орай қабылдау өткізді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Атап өтсек, 1997 жылғы 1 шілдеде Қытай Үкіметі Гонконгті өз иелігіне қайтаратынын салтанатты түрде жариялап, Қытай Халық Республикасы Арнайы Әкімшілік ауданының ресми түрде негізі қаланды.

ҚР-дағы ҚХР-дың Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэнің айтуынша, 1997-2016 жыл аралығында Сянгань ІЖӨ нақты жылдық өсімі 3,2%-ға жетті. Қаржы резерві  150%-ға ұлғайса, валюталық резерв 3,2 есеге артты. 2015 жылы Сянган 175 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясын тартты, осылайша осы көрсеткіш бойынша дүниежүзінде екінші орынды иеленді.

Сянганда 150 банк бар. Сыртқы банк операцияларының көлемі 2,3 трлн АҚШ долларын құрайды, осы көрсеткіш бойынша ол күллі әлем бойынша алтыншы орында, жүз жетекші әлемдік банктердің 70-тен астамының Сянганда өз операциялары бар. Сянганда 1900-ден астам листингтік компания бар, нарықтық капиталданудың жалпы сомасы 26 трлн. Сянган долларын құрайды, мәміленің орташа сомасы 60 млрд-тан астам Сянган долларына жетеді.

«Қазақстан, - деді елші, - Қытайдың жан-жақты стратегиялық әріптесі болып табылады. Қытай мен Қазақстанның ортақ күшінің арқасында Қазақстан мен Сянган арасындағы ынтымақтастық, өзара алмасу күн санап барынша тығыз болып келе жатқанын қуана байқап отырмыз. Қытай Үкіметі Сянганға Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қолдауды, стратегияның түйісуін тереңдетуге және Қытай мен Қазақстан халқының игілігі үшін екі мемлекеттің өзара тиімді, өзара ұтымды ынтымақтастығына жәрдемдесуді жалғастыра бермек», - деп сөзін түйіндеді Қытай елшісі.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Қамалдинов қабылдауда сөз сөйлеу барысында, Қазақстанның Қытаймен екіжақты ынтымақтастығының дипломатиялық қатынасын орнатқан жылдар ішінде үлгілік сипатқа ие болғанын хабарлады.

«Қытаймен қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. ҚХР біздің көршіміз, әрі жан-жақты стартегиялық әріптесіміз», - деді А. Қамалдинов.