Қытай энергетика басқармасының өкілдері Ақтөбеде болып қайтты

None
АҚТӨБЕ. Шілденің 7-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Өткен аптаның аяқ кезінде Қытай энергетика мемлекеттік басқармасының өкілдері Ақтөбеде болып қайтты. Сапар барысында олар облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

ҚХР Энергетика мемлекеттік басқармасы бастығының орынбасары У Инь мырзаның айтуынша, олар Қазақстанға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов пен Қазақстанның Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың арнайы шақыруымен келіп отыр.

Ақтөбеге олар CNPC - Қытай ұлттық мұнай газ корпорациясының құрамына кіретін «CНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жұмысымен танысуға келген.

Кездесу барысында облыс әкімі Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың бекігенін атап өтті. «Жоғары деңгейдегі соңғы кездесуде біздің мемлекеттердің басшылары индустриялық және инновациялық технологиялардағы қарым-қатынастарды жаңа жоғары деңгейге дейін көтеру туралы келісті. Өз кезегінде, біз аймақтық деңгейде осы сарабдал саясатты жүзеге асырып отырмыз».

Кездесу барысында, тараптар өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайта түсу және бір-біріне қолдау көрсетіп отыруға байланысты бірқатар ұсыныстар енгізді.