Қытай ғалымдары ежелгі заманғы алып адамдардың қаңқаларын тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайлық археологтарға Цзинань қаласына жақын маңдағы қазба жұмыстары кезінде бойлары аса биік әрі дене бітімі ерекше адамдардың қаңқаларын табудың сәті түсті, деп хабарлайды China Daily.

Ғалымдар осыдан бес мың жыл бұрынғы қорымның тап үстінен түскен.

Зерттеушілердің пікірінше, ол кезде  қазіргі қытайлық Шаньдун провинциясының аумағында алыптар деп атауға болатын адамдар тіршілік еткен. Олардың бойлары 180 сантиметрден кем емес, ал біреуінің бойы тіпті 190 сантиметрден де ұзын болған.

Ғалымдар өздерінің тапқан құнды олжаларын Луншань мәдениетіне жатқызады. Олар  б. э. д. ІІ мыңжылдықта  Хуанхэ өзені бассейнінде өмір сүрген. Сол кезеңдегі жандардың жер өңдегендігі, тамақтың түр-түрін пайдаланғандығы бүгінде белгілі болып отыр. Мүмкін бұл олардың дене бітімінің тым ірі болуына әсер еткен де шығар, деп есептейді Шаньдун университетінің өкілдері.