Қытай ғарышкерлері ел тарихында алғаш рет орбиталық модуль мен «Шэньчжоу-9» ғарыш кемесін қолдан түйістірді

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат -  Қытай ғарышкерлері өз елдерінің тарихында алғаш рет орбиталық модуль мен «Шэньчжоу-9» ғарыш кемесін қолдан түйістірді.

Осыған дейін жоспарланғандай, ғарыш кеңістігінде секундына 7,8 шақырым жылдамдықпен қозғалатын екі нысанды түйістіруді осыған жауапты Лю Ван жүзеге асырды. Мәскеу уақытымен сағат 08.42-де басталған «Шэньчжоу-9» және «Тяньгун-1»-дің түйісуі тікелей эфир арқылы таратылды. Пекин ұшуды бақылау орталығының мәліметі бойынша, екі аппараттың түйісу үдерісі 45 минутқа созылды. Бұл туралы Ресей жаңалықтар агенттігі хабарлайды.

Еске сала кетейік, «Шэньчжоу-9» орбитаға 16 маусымнан бастап орналасты. Ұшырғаннан кейін екі күн өтісімен құрамында алғаш қытай әйел ғарышкері Лю Ян болған  кеме экипажы «Тяньгун-1»-мен түйісу ісін орындап, ғылыми сараптамалар жасау мақсатында екінші кемеге өтті.

ҚХР  2020  жылға дейін орбитаға өзіндік ғарыш орнатып, ғарыштық зертхана құруды көздеп отыр, деп хабарлайды Еуразия біріншіі арнасы.