Қытай қазақ астығын көптеп сатып алуға мүдделі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай Қазақстанның астығы, күнбағыс пен зығыр майы импортын арттыруы қажет. Мұндай пікірді Қытай астық және майлы дақылдар институтының бас хатшысы Ван Лирон білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанға сапарымыздың негізгі мақсаты - қауымдастығымызды таныстыру болып саналады. Сонымен қатар біз елдеріміз арасындағы азық-түлік пен агроөнеркәсіп кешені салаларындағы өзара қарым-қатынасына айтарлықтай үлес қосуға ұмтыламыз. Агроөнеркәсіп кешені саласының тауларлары екіжақты бағытта да кедергісіз өтіп, елдеріміз арасында айналымда болуы қажет деп есептейміз. Әсіресе, Қазақстаннан Қытайға қазақстандық астық, күнбағыс және зығыр майы сынды танымал өнімдердің импортын арттыруды қалаймыз», - деді ол елордада өткен «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы Қазақстан мен Қытай өкілдерінің дөңгелек үстел отырысында.

Кездесу  барысында өткен жылдың қазан айында Астанада ұйымдастырылған Agro Invest Forum шарасы барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асырудың аралық қорытындысы қаралды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара қазақстандық ауыл шаруашылығы тауларларын өндірушілер мен қытайлық инвесторлар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға бағытталған.