Қытай Қазақстан жазушыларының кітаптарын жүйелі түрде басып шығаруға мүдделі

АЛМАТЫ. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Жақсы кітаптың қай уақытта да оқырманы көп.

Біз Қазақстан мен Қытайдың арасында баспа істерінде де барыс-келісті дамытып, қарым-қатынас жасағымыз келеді. Бұл туралы Қытайдың «Шыңжаң» халық баспасы корпорациясы бас редакторының орынбасары Шәріпхан Абдалиұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Біз сәуір айының алғашқы жартысында Алматыда өткен «Жібек жолы бойымен» атты VII Қазақстандық халықаралық кітап және полиграфия көрмесіне қатыстық. Онда жұртшылық назарына Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы 6 ұлттың тілінде кітаптар шығаратын 12 баспадан соңғы жылдары жарық көрген 300-ге жуық өнімді ұсындық. Көрмеден кейін оларды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы мен №13 Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектепке сыйға тарттық», - дейді Ш.Абдалиұлы.

Оның айтуынша, Шыңжаңдағы баспаларда жыл сайын қазақ тілінде мыңнан астам атаулы жаңа кітаптар жарық көреді. Бұдан бөлек оқырман жүрегінен жол тауып, жұртшылық арасында тез таралып кеткен кітаптар сұранысқа қарай бірнеше мәрте қайта басылып шығады.

«Қазақстан жазушыларының да кітаптарын шығарып жатырмыз. Енді оны жүйелі жолға қойғымыз келеді. Ондағы басты қиындық авторлардың рұқсатын алуда болып отыр. Көбіне-көп байланыс жасай алмаймыз. Қазақстанда сондай-ақ, дүниежүзі әдебиеттерін аударған өте мықты өрелі аудармашылар бар. Олардың үздік еңбектерін енді Қытайда да шығарсақ деген оймыз бар», - дейді Шәріпхан Абдалиұлы.