Бұл туралы Астанада өткен «KazOil 2017» конференциясында ҚР АШМ Тамақ қауіпсіздігі департаментінің техникалық реттеу басқармасының басшысы Зейнолла Шәріпов мәлімдеді.
Зейнолла Шәріпов отандық шикізаттан экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті және сапалы өнім шығаруға әлеуетіміздің жеткілікті екенін баса айтты.
«2016 жылғы астық жинау науқанының қорытындысына сәйкес, майлы дақылдар өндірісі 2 млн тонна көлеміндегі рекордты көрсеткішке ие болды. Бұл 2012-2016 жылдар аралығындағы орташа көлемнен 27%-ға жоғары. Өңдеу саласында да оң өзгерістер бар, 2016-2017 жылдардың 10 айындағы өсімдік майларын өндіру көлемі соңғы жылдары тіркелген көрсеткіштен 22 пайызға артық», - деп атап өтті ол.
Соңғы 5 жылда Қазақстанда майлы дақылдарды егу алқаптары 1,8 млн гектардан 2 млн гектарға дейін 10 пайызға ұлғайған және онда күнбағыс (41%) пен зығыр (32%) дақылдары көптеп егілген. 2021 жылға қарай АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында майлы дақылдарды егу алқабын 3 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, министрлік өкілі қазіргі уақытта Қазақстанның күнбағыс және өсімдік майларының негізгі импорттаушысы Қытай екенін атап өтті. 2016-2017 жылдары Қазақстаннан Қытайға 150 мың тонна майлы дақылдар мен 41 мың тонна өсімдік майын экспорттаған.
«Аспан асты елінің майлы дақылдарға деген сұранысын, қазақстандық нарықтың әлеуетін және ыңғайлы логистиканы ескерсек, қазақстандық экспорт көлемінің артуы әбден мүмкін. Тағы бір атап өтерлігі, ҚХР Қазақстан аумағындағы өсімдік майларының өндірісін инвестициялауға және аталған өнімдерді импорттауға дайын. Жақында ғана қытайлық «Айцзюй» компаниясы қазақстандық серіктестерімен бірлесіп, СҚО Тайынша ауданында жылына 300 мың тонна өсімдік майын өндіруге қауқарлы жаңа зауыт тұрғызды», - деп өз сөзін түйіндеді З.Шәріпов.
Еске сала кетсек, 2016 жылы Қазақстан күнбағыс дәндерін экспорттау көрсеткіші бойынша әлемнің үздік ондығына енді. Әлемдік май дақылдарын өндірудегі Қазақстан үлесі 2 пайызды құрайды.
Айта кетейік, бүгін Астанада алғаш рет «KazOil 2017» Халықаралық май-тоңмай конференциясы өтті, онда Қазақстандағы ірі май дақылдарын өндірушілер мен қайта өңдеушілері және бірқатар мүдделі шетел компанияларының өкілдері жиналды.
Жиын шеңберінде «ҚазАгро» холдингінің құрылымындағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Қазақстанның май-тоңмай одағы» қауымдастығы» ЗТБ ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Одан бөлек, «ҚазАгро» холдингінің өзге еншілес компаниясы - «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ өсімдік майлары нарығында біртұтас экспорттық саясатты қалыптастыру жөнінде бірқатар меморандумдар жасасты.