Қытай Қазақстанды барынша демей отырып, стратегиялық әріптестікті жаңа сапалы деңгейге көтеруге дайын - Ху Цзиньтао

АСТАНА. Желтоқсанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Соңғы жылдары бірлескен талпыныстардың нәтижесінде Қазақстан- Қытай қатынастары қарқынды, тұрақты дамып келеді.

Мемлекеттер арасында саяси сенім де артып отыр. Сауда, экономика, энергетика, қауіпсіздік, гуманитарлық деңгей сияқты салалардағы ынтымақтастық ерекше жетіле түсуде. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінен соң Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қытай басшысының сөзіне қарағанда, мемлекеттер сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты өзге де бірқатар халықаралық деңгейдегі ұйымдар аясында тұрақты түрде бірлесіп қызмет етуде. «Қазақстан мен Қытай бір-біріне жақсы қолдау көрсетіп келеді. Қытай бұл  бағытта Қазақстанды барынша демей отырып, стратегиялық әріптестікті жаңа сапалы деңгейге көтеруге дайын. Сонымен қатар Қытай энергетика және шикізаттық емес  салада да ынтымақтастықты өрбітуге ниетті. Сөйтіп, біз екі елдің байланыстарының жан-жақты дамуына ықпал ететін боламыз», - деді Ху Цзиньтао.

 Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай қаржы саласында да бірлесіп қимылдаулары керек. Ал гуманитарлық саладағы әріптестікті нығайту үшін Қытай тарапы ғылым, білім, мәдениет, туризм салаларындағы бірлескен қимылдарды жетілдіруге әзір. «Мені бүгін Қазақстан басшысын өзіне қолайлы уақытта тағы да Қытайда болып қайтуға шақырдым. Н.Назарбаев менің ұсынысымды қабыл алып, мені де ыңғайлы уақытта Қазақстанда болуға шақырды. Мен де Қазақстан Президентінің бұл ұсынысын қуана-қуана қарсы алдым», - деді Қытай Халық Республикасының Төрағасы.