Қытай Ким Чен Ирдің кіші ұлының елге сапары туралы ақпаратты қуаттаған жоқ

БЕЙЖІҢ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат - Қытай Ким Чен Ирдің кіші ұлының Аспанасты еліне сапары туралы бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын қуаттаған жоқ.

«Бізде бұл мәселеге қатысты мәлімет жоқ», деп мәлім етті кеше брифингте Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Цинь Ган. ҚазАқпарат бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ирдің кіші ұлы Ким Чен Ун ағымдағы айда арнайы елші ретінде Бейжіңге сапар жасап, Қытай басшылығына өз әкесінің саяси мұрагері ретінде таныстырылғаны, бұл сапардың маусымның 10-ында өткені туралы жапонның «Асахи» басылымы солтүстіккорейлік дереккөздерге сілтеме жасап хабарлап отыр. Дерек көздердің мәліметтері бойынша, Ким Чен Ун Бейжіңге Пхеньяннан ұшақпен келген және Қытай төрағасы Ху Цзиньтаомен кездескен. Сондай-ақ ол Қытай Компартиясының басшылығымен жеке кездесулер өткізген, оның ішінде халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Ван Цзяжуй да бар. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ирдің үшінші ұлы ? Ким Чен Унды өзінің мұрагері етіп тағайындағаны туралы ақпаратты әлемдік ақпарат құралдары бұдан бұрын хабарлаған болатын. Ким Чен Ун, түрлі мәліметтер бойынша, 1983 немесе 1984 жылы туылған, оның қазіргі кездегі фотосуреттері жоқ. Оның анасы - Ким-Чен Ирдің үшінші әйелі - Ко Ён Хи балерина болған. Ким Чен Ун орта білімді Берндағы Халықаралық мектепте алған. Еліне оралғаннан кейін оның не істеп, не қойғаны туралы ақпараттар жоқтың қасы.