Қытай қоршаған ортаны ластайтын кәсіпорындарын санкциямен қорқытты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай билігінің мәліметіне сәйкес, ҚХР бірде-бір қаласы экологиялық нормаларға сай келмейді.

Шамадан тыс көмірқышқыл газын шығаратын қытайлық кәсіпорындарға жерді пайдалану мен несие беруде шектеу енгізіледі, делінген ҚХР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәлімдемесінде.

Қажетті экологиялық сараптамасыз зауыттар мен кәсіпорындар тұрғызатын компанияларға да Қытай билігі осындай шара қолдануды жоспарлап отыр.

ҚХР қоршаған ортаны қорғау министрлігі экологиялық стандартты бұзушыларға жазаны күшейту шаралары туралы 30 мекемемен, соның ішінде Орталық банкпен келісімге келді.

Министрлік хабарламасында айтылғандай, жақын арада мекеме экологиялық заңнамаларды өрескел бұзушылардың тізімін құрады.

Соңғы жылдары Қытай экологиялық стандартты бұзушыларға айыппұлды кенеттен көтеріп жіберді. Бірақ, аймақтардағы жұмыс орындарының негізгі көзі болған ірі кәсіпорындарды жауапқа тарту басты мәселе болып отыр. Экология саласындағы қатаң стандарттарға қарамастан, Қытайдағы ірі компаниялар жауапкершіліктен сытылып кетуде.

Қытай үкіметінің тапсырысымен, екі жыл бұрын жүргізілген зерттеуге сәйкес, Қытайдың бірде-бір қаласы экологиялық нормаларға сай емес. Және ҚХР үкіметінің мәліметтерінше, елдегі 70% өзен мен көл қатты ластанған.

ҚХР экономикасының жылдам өсуі экологиядағы көптеген мәселелерге әкеп соқты. Экологтар Қытай мен шет елдерде Қытайдағы қоршаған орта ластануына халықаралық институттар мен көпшіліктің назарын аудару үшін қарсылық акцияларын жиі өткізеді.